Ақтауда теңіз жағалауында заңсыз құрылыс анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтауда теңіз жағалауындағы жартасты соқпақ аумағында заңсыз құрылыс фактісі тіркелді. 4А шағын ауданындағы жартастың үстіндегі жер учаскесі абаттандыру мақсатында бөлінген. Дегенмен, көршілес №36Б учаскесінің иесі бұл жерге белгісіз құрылымның іргетасын қалағаны анықталды.
Алдын ала ақпарат бойынша, қала тұрғындарының бірі аумақта орындықтардың жоқтығына шағымданған. Ол құрылыс жұмыстарының салдарынан төменгі бөліктегі орындықтар алынып тасталған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Бұл жағдайға байланысты Ақтау әкімдігі тексеру жүргізіп, құрылыс заңсыз екенін растады. Жер учаскесі «Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансында болып, абаттандыруға арналған.
– Аталған дерек бойынша Ақтау әкімдігі тиісті визуалды тексеру жүргізіп, жартаста орналасқан жер телімінде заңсыз құрылыс нысанын анықтады. Осы заңсыз құрылысқа қатысты шара қабылдау үшін Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хат жолданды. Қазіргі уақытта уәкілетті органнан қосымша ақпарат күтілуде, - деп хабарлады Ақтау әкімдігі.
Әкімдіктің мәліметінше, бұған дейін жартасты соқпақта екі орындық пен төрт қоқыс жәшігі болған. Кейін оларды жаңарту туралы шешім қабылданып, орнына төрт жаңа орындық орнатылған. Бұл шаралар аумақтың қолайлы әрі таза болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бұрын Ақтауда күкіртсутек мөлшері нормадан мың есе асып кеткенін жазған болатынбыз.