Ақтауда TikTok арқылы ұялы телефон сатып алуға қатысты алаяқтық ісі қаралды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау қаласы прокуратурасының бастамасымен қалалық сотта интернет-алаяқтық фактісі бойынша ашық сот отырысы өтті. Іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы бойынша қаралды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Ақтауда TikTok арқылы ұялы телефон сатып алуға қатысты алаяқтық ісі қаралды
Фото: pexels

Бұл іс-шара жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сот отырысына жоғары оқу орнының студенттері қатысып, сот процесін бақылады. 

Сот материалдары бойынша сотталушы TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы төмен бағамен ұялы телефондар сататынын жариялап, азаматтарды алдағаны анықталды. Жәбірленушілер 25-70 мың теңге аралығында ақша аударғанымен, уәде етілген телефондарды алған жоқ.

Нәтижесінде бірнеше жәбірленушіге жалпы сомасы 231 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, заң талаптарына сәйкес жаза тағайындалды.

Ақтау қаласының прокуратурасы азаматтарды интернет арқылы сауда жасағанда сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және тексерілмеген тұлғаларға ақша аудармауға кеңес береді. 

Бұған дейін алаяқ елорданың 18 тұрғынын алдап соққанын жазған едік.