Ақтауда тұңғыш рет ауқымды кітап фестивалі басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен «Кітап керуен — Ақтау» кітап жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды мәдени шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, республика және аймақтың белгілі қаламгерлері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кітап авторлары мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара аясында қатысушылар алдымен мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан кейін зиялы қауым өкілдері Ақтау қаласын аралауға арнайы жасақталған, жас оқырмандар отырған автобусты салтанатты түрде шығарып салып, руханият пен мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған кітап керуені мен әдебиет көшіне сәтті сапар тіледі.
Шараның негізгі бөлімінде қонақтар республикалық 10 баспаның кітап көрмесімен танысып, жаңа туындыларды тамашалады. Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов арнайы келген мәртебелі меймандарға алғыс білдіріп, кітап фестивалінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
— Қазақ елінде кітаптың керуені ешқашан тоқтаған емес. Бұл игі көш бүгінде Ақтау қаласында жалғасып, үлкен рухани мерекеге ұласып отыр. Осы шараға арнайы келген мәртебелі меймандарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жастар отырған «Кітап керуені» автобусын қала көшелерін аралауға шығарып салдық. Бүгінгі кітап мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Осындай тағылымды шаралар жалғасын таба берсін, — деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Кітап фестиваліне Роза Мұқанова, Оңайгүл Тұржан, Көмек Ыбыраев, Гүлайым Дәуітбаева, Анар Шамшадинова, Мақпал Мыса, Қанат Тілеухан, Ұларбек Нұрғалым, Бақытгүл Сармекова сынды қаламгерлер, қоғам қайраткерлері мен кітап авторлары қатысуда. Бағдарлама аясында оқырмандар авторлармен жүздесіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба қойылған кітаптарға ие бола алады. Сонымен қатар жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері өткізіліп, түрлі тақырыптағы секциялық отырыстар ұйымдастырылады. Жәрмеңке барысында танымдық ойындар мен оқырмандарға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар да өтеді.
Айта кетейік, «Кітап керуен — Ақтау» шарасы 15-16 мамыр күндері Қ. Сыдиықұлы атындағы әмбебап облыстық кітапханада кешкі сағат 18:00–ге дейін жалғасады. Ал шараның қорытынды кеші ертең сағат 16:00–де 14-шағынаудандағы теңіз жағалауында ұйымдастырылады.
Айта кетелік Астанада «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрмесі өткен еді.