Ақтауда жалған жүктілік анықтамасын ұсынған әйелге 15 тәулікке қамалды

АСТАНА. KAZINFORM - Ақтауда көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған әйелге жалған жүктілік анықтамасын ұсынғаны анықталып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Шерзат ісі бойынша қамаудағы күдіктілер туған күн тойлаған: басшылық жазаланады
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, полиция қызметкерлері әйелге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Аталған құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Істі қарау барысында құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған. Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ғана тағайындаған.

Ақтау қаласының прокуратурасы тексеру барысында құқық бұзушы ұсынған жүктілік туралы анықтаманың жалған екендігін анықтаған.

Прокурордың өтінішхаты бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, құқық бұзушыға 15 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады.

Медициналық құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Прокуратура көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жауаптылық туралы ескертеді және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.

Осыған дейін БҚО-да заңсыз граффити салған жігіт 5 тәулікке қамауға алынған болатын.