Ақтауда жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды
АҚТАУ. KAZINFORM – Биыл шырша теңіз жағалауындағы «Амфитеатр» алаңына және 19 А шағын аудандағы Әбіш Кекілбаев мұражайының алдына тігіледі.

Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жаңа жылдық безендіру жұмыстары желтоқсан айының 17-24 аралығында жүргізіледі. Шыршалармен қатар көшелер де безендіріліп, фотоаймаққа арналған кіші сәулет формалары орнатылады.
- Орталық көшеде (14 пен 12 шағын аудандар, 14 пен 11 шағын аудандар арасында) бұталарды жарық диодты торлы гирляндылармен безендіру және үлкен шырша ағаштарын жарық диодты гирляндылармен безендіру жұмыстары жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Биыл жаңа жылдық безендіру жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурстық іс-шаралары негізінде жеке кәсіпкер «Aktau Print» мердігер мекемесі жеңіп алған. Келісім-шарт сомасы – 76 млн теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысының орталығы Талдықорғанды жаңа жылдық безендіруге биыл жергілікті бюджеттен 35 960 341 теңге бөлінгенін жазған едік.