Ақтауда Жеңіс күніне орай жалғыз ардагерге 5 млн теңге төленеді

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда Жеңіс күніне арналған біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері бекітілді. Тиісті өзгерістер қалалық мәслихаттың әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері жөніндегі шешіміне енгізілді. 

Ақтауда Жеңіс күніне орай жалғыз ардагерге 5 млн теңге төленеді
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Ең жоғары сома — 5 000 000 теңге — Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне беріледі. Ақтауда бүгінде небәрі бір ғана соғыс ардагері қалған. Ол — Ольга Заривняк.

Ольга Заривняк — 1927 жылы туған. Соғыс басталған кезде Ольга Платоновна небәрі 14 жаста болған. Жасына қарамастан, ол туған қаласында партизан отрядында байланысшы болған. Ольга Заривняк маңызды ақпараттарды жеткізіп, жараланған сарбаздарға көмектескен. Ол «Украинаны фашистік басқыншылардан азат етудің 60 жылдығы», «ҰОС-тың 60 жылдығы», «ҰОС-тың 65 жылдығы», «Отан қорғаушы», «Нацизмді жеңудің 70 жылдығы», «Азат етуші ардагер», «Соғыс ардагері» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Ұлы Жеңіс — 65 жыл» ордендерінің иегері.

— Бұдан бөлек, жарақат, контузия немесе мертігу салдарынан мүгедектікке теңестірілген тұлғаларға 259 500 теңге көлемінде төлем қарастырылған. 216 250 теңгеден Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтарға, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне төленеді. 173 000 теңге мөлшеріндегі төлем алушылардың кең санатына арналған. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, КСРО-ның мемлекеттік наградаларымен марапатталған азаматтар, соғыс жылдарында кемінде алты ай жұмыс істегендер, сондай-ақ қаза тапқан немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің, партизандар мен астыртын ұйым мүшелерінің отбасылары бар. Сонымен қатар, бұл мөлшерде төлем бейбіт уақытта әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың отбасыларына, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюшылардың туыстарына, сондай-ақ соғысқа қатысушылардың жесірлері мен ата-аналарына да беріледі, — делінген хабарламада. 

Айта кетейік, әлеуметтік көмек Жеңіс күніне орай бір рет беріледі.

Бұған дейін, жусаннан және гүл қалдықтарынан ерекше бұйымдар жасайтын Ақтаулық педагог туралы жазған болатынбыз.