Ақтаудағы әуежайда жарақат алған бүлдіршінге 2 млн теңге өтемақы төленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға 2024 жылдың жазында болған. Елорда тұрғыны кәмелетке толмаған екі баласымен Астанадан Ақтауға ұшып барған, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жолаушылар терминалынан шыққаннан кейін екі жасар қыз әуежайға жалғыз өзі оралып, эскалатор механизміне қолын қойып, саусағын жарақаттап алған. Қыз ауруханада емделіп, дәрігерлердің қорытындысы бойынша, 10 жасқа толғанда саусақты түзету отасы қажет болады.
Жәбірленушінің анасы әуежайдан моральдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінді. Әуежай өкілі жазатайым оқиғаның қызметкерлердің кінәсінен емес, баланың өзі эскалаторға жақындап, жарақат алуынан болғанын айтты. Бірақ сот процесінде бейнематериалдар әуежай инспекторының баланың қолын ұстап, оны босатып жібергенін көрсеткен. Инспектордың баланы қараусыз қалдыруы салдарынан қыз бала эскалаторда жарақат алған.
— Сот әуежай қызметкерінің әрекетінен жазатайым болғанын анықтап, әуежайды моральдық шығын ретінде 2 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұл шешім заңды күшіне енді, — делінген сот шешімінде.
Бұдан бұрын Алматы әуежайында 33 телефон ұрлаған жүк бөлімінің қызметкері сотталғаны анықталды.