Ақтаудағы қалың тұман бірнеше әуе рейсінің кешігуіне себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтаудағы қалың тұман салдарынан әуежайдың жұмысы бұзылып, бірден бірнеше әуе рейсі кешікті. Кейбір жолаушылар ұшақтарын 11 сағаттан астам күтуге мәжбүр болды.
FlyArystan әуе компаниясының мәліметінше, рейстердің кешігуіне қолайсыз ауа райы себеп болған. Қалың тұман салдарынан әуежай маңындағы көріну қашықтығы ұшақтың қонуына рұқсат етілген ең төменгі деңгейден төмендеп кеткен. Соның салдарынан әуе кемелері қауіпсіз қонып, ұша алмаған.
Тұман басқа рейстердің де кестесіне әсер етті. Мәселен, Алматы — Ақтау бағыты бойынша ұшқан әуе кемесі межелі жерге қона алмай, Атырау қаласындағы қосалқы әуежайға бағытталған.
Сонымен қатар әуе компаниясы бір рейстің кешігуі кейінгі рейстердің кестесіне де ықпал ететінін түсіндірді. Себебі бір әуе кемесі тәулігіне сегіз рейске дейін орындайды, ал қонғаннан кейінгі келесі рейске дайындалу аралығы небәрі 30–45 минут.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде жолаушылар ұзақ уақыт күткен кезде қонақүй берілмегеніне шағымданды.
FlyArystan өкілдері кешігулер тасымалдаушыға байланысты емес ауа райы жағдайларынан туындағандықтан, мұндай жағдайда жолаушыларды қонақүйге орналастыру көзделмегенін мәлімдеді.
Осы уақытта ақтаулықтар әлеуметтік желілерде ерекше табиғи құбылыстың әсерлі көріністерін жариялап жатыр. Дронмен түсірілген бейнежазбаларда қала мен Каспий теңізінің жағалауын қалың ақ тұман толықтай көмкеріп, қаланың үйреншікті келбеті бұлт тәрізді тұман астында көзден таса болғаны байқалады.
Бұған дейін Оралдан Ташкентке қатынайтын әуе рейсі тоқтатылғанын жазғанбыз.