Ақтаудағы «Қолтық әулие» қорымы: мамандар тарихи зираттың орнын зерттеуді ұсынады

АҚТАУ. KAZINFORM — Археологтар мен тарихшылар Ақтау қаласының 4А-шағын ауданында орналасқан «Қолтық әулие» тарихи қорымының орнына кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет деп есептейді. Мамандардың пікірінше, әр жылдары табылған адам сүйектері, мұрағаттық фотосуреттер, көне карталар мен куәгерлердің естеліктері бұл аумақта бұрын қорым болғанын дәлелдейді.

р
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

Бұл тақырып әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін қайтадан қоғам талқысына түсті. Видеода көрсетілген шағын құрылыс нысаны тұрғындардың назарын аударып, желі қолданушылары оның көне бейітке қатысы болуы мүмкін деген болжам айтты. Сонымен қатар ақтаулықтар кезінде «Каспий» стадионы аумағынан адам сүйектері табылған оқиғаны еске алып, бұл жерде де бұрын зират орналасқан болуы мүмкін деген пікір білдірді.

Еске салсақ, 2022 жылы Ақтау тұрғыны аталған аумақтан адамның жамбас сүйегі табылғанын хабарлаған болатын. Тәртіп сақшылары тексеру жүргізгенімен, қылмыстың белгілері анықталмаған. Осыған байланысты іс жүргізу тоқтатылып, материалдар құқық қорғау органдарының мұрағатына өткізілген.

Тарихшы әрі өлкетанушы Нұрлан Құлбайдың айтуынша, 4А-шағын аудандағы қазіргі «Тенгиз» ғимаратының артқы жағындағы мүйіс маңында бұрын үлкен қорым болғаны туралы деректер сақталған.

л
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

– Қаланың алғашқы құрылысшыларының айтуынша, осы аумақта ірі қорым орналасқан. Кезінде Ақмұрын елді мекенінің маңында орпа құдықтар болған. Ел қоныстанған жерде қауымның болуы заңды құбылыс. 1960–1970 жылдары Ақтау қаласының құрылысы басталған кезде ескі қорым экскаваторлар мен бульдозерлердің көмегімен тегістелген. Қазір оның нақты орны сақталмағанымен, бұл жерде үлкен қорым болғаны халық жадында қалды.

Деректерге қарағанда, онда шамамен 50-60 құлпытас болған. Өзім археологиялық материалдар арасынан құлпытастар мен қойтастардың шоғыры бейнеленген көне суреттерді көрдім, – дейді Нұрлан Құлбай.

Мамандардың сөзінше, қорымның болғанын археолог Андрей Астафьевтің зерттеулері мен мұрағаттық материалдары да растайды. Археологтың мәліметінше, «Қолтық» қорымы бұрынғы Шевченко қаласының, қазіргі Ақтаудың аумағында орналасқан.

– Мен бұл қорымды алғаш рет 1970 жылдардың бірінші жартысында көрдім. Ол кезде шамамен 15-20 қабірден тұратын шағын зират болатын. Құлпытастардың ерекшеліктеріне қарағанда, қорым XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасып, 1930–1940 жылдарға дейін пайдаланылған болуы мүмкін. Ал 1970 жылдардың екінші жартысында қорым толықтай жойылған секілді. Өйткені кейін мен оның нақты орнын таба алмадым. Ол қазіргі «Ақбота» саябағы орналасқан аумақта болған. Қазіргі таңда қорымның нақты орнын тек ескі топографиялық карталарды зерттеп, оларды қаланың қазіргі жоспарымен салыстыру арқылы анықтауға болады. Бәлкім, оның көзге көрінетін ешқандай ізі қалмаған шығар.

Қорым аумақты игеру және құрылыс жүргізу мақсатында сүрілген болуы керек, – дейді Андрей Астафьев.

л
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

Тарихи зираттың болғанын бұрынғы фотоматериалдар да дәлелдейді. Бұл жөнінде белгілі фотограф Виктор Малюк те өз архивіндегі суреттерге сүйеніп пікір білдірді.

– Ол жерде шынымен де жерлеу орындары болды. Қазақ және түрікмен бейіттері орналасқан еді. Өкінішке қарай, бүгінде олардың іздері сақталмаған деуге болады.

Дегенмен, кезінде фотосурет түсіруге әуестенгенімнің арқасында сол аумақты бейнелейтін кадрлар архивімде сақталып қалды. Қазір сол суреттерді қарап отырып, дәл осы жарқабақ маңында қорымдар болғанын нақты көрсете аламын, – дейді фотограф.

Тарихшылардың пікірінше, бұрын қорым орналасқан аумақ арнайы белгіленуі қажет.

– Біздің дәстүрімізде киелі әрі қасиетті жерлердің үстіне құрылыс салуға немесе оларды өзге мақсатта пайдалануға болмайды. Мұрағаттық және археологиялық деректерге сүйене отырып, бұл жерде қорым болғанын тағы бір мәрте растай аламыз. Сондықтан аумақты қоршау немесе кезінде мұнда зират болғанын көрсететін арнайы белгі орнату орынды болар еді, – дейді өлкетанушы Нұрлан Құлбай.

Ал археолог Андрей Астафьев әр кезеңде тіркелген адам сүйектерінің табылуы, куәгерлердің естеліктері мен тарихи карталардың болуы бұл аумаққа жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізу қажеттігін көрсететінін айтады.

Маманның пікірінше, кешенді археологиялық жұмыстар нақты әрі дәйекті ғылыми деректер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай зерттеулер Ақтау қаласының қалыптасу тарихын тереңірек зерделеп, бұрынғы қоныстар мен жерлеу орындарының орналасуын нақтылауға жол ашады.

Бұған дейін Маңғыстауда Рим дәуірімен байланысты көне қала табылды.