Ақтаудағы түзету орталығында ерекше балалардың құқықтары бұзылған
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласының тұрғыны Раиса Маратқызы 9 жастағы ерекше ұлына 17-шағын ауданда орналасқан түзету орталығында қатыгездік көрсетілгенін мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, соңғы 2 айда баланың денесі көгеріп, соққы іздері байқалған. Орталықтың бейнебақылау камераларының жазбаларын қарағанда жаттықтырушылардың балаға физикалық күш қолданып, қатыгездік көрсеткенін көрген.
– Кеуде тұсы көгеріп келді. Ол кезде беговой дорожкада құлап қалды деді. 6 наурыз күні тағы да баламның балтыры екі жерден көгеріп келді. Жаттықтырушының ұрғаны видеода көрініп тұр. Жұлқып, ішінен аяқпен теуіп жіберді. Балам құлағын басып бұрышта жылап отырды. Ал сол кезде жаттықтырушы ұялы телефонына үңіліп тұра берген. Екінші видеода баламды камерасы жоқ бөлмеге кіргізіп алған. Ары қарай не болғаны маған беймәлім, - дейді Раиса Маратқызы.
Ананың шағымынан кейін жағдайды Маңғыстау облысының білім басқармасы тексерген. Олар жеке меншік түзету орталықтарының бірінде балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты екі жағдай анықталғанын хабарлады.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, бейнематериалдар тәркіленіп, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта мекеме жабылды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен байланыста. Жағдай өңірдің құзырлы органдарының бақылауында, - делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
– Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өтініш берушінің уәждері тексеріліп, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, мекеме қызметкерлерінен жауап алынуда, - деп хабарлады полиция.
Бұған дейін полиция Жетісуда баланы ұрып-соққан әйелді ұстағанын жазған едік.