Ақтауға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен келді

АҚТАУ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/ - Бүгін Ақтауға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен келді.

Ақтауға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен келді

Бұл сапар театрдың ҚР Мәдениет министрлігі бекіткен 2010 жылға арналған гастрольдік сапар жобасы аясында және Маңғыстау облысының әкімі Қ. Көшербаевтың қолдауымен өткізіліп отыр.

Мұндағы мақсат, сан жылдық тарихы бар өнер ордасының жаңадан сахналанған қойылымдарын жергілікті халық назарына ұсынып, облыстағы көрермендер мен зиялы қауым өкілдерімен театрдың соңғы шығармашылық жетістіктерімен бөлісу.

Гастрольдік сапар ұйымдастырушысы, Ғ.Мүсірепов театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ақзия Көлбаеваның айтуынша, театр репертуарында заманауи тақырыптағы, жеңіл, көрермен жанына жақын, ән-бимен көмкерілген лирикалық, романтикалық, комедиялық жанрлар, сондай-ақ, балаларға арналған сазды ертегілер бар.

Атап айтқанда, театрдың көркемдік жетекшісі және директоры, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменовтың «Мулен-Ружға шақыру» атты лирикалық драмасы, С.Қарабалиннің «Балкон» романтикалық иллюзиясы, Ж.Хаджиевтың «Күшік күйеу» комедиясы, Б.Сейітмамытұлының «Сүйе білсең...» лирикалық комедиясы, сондай-ақ, балаларға арналған С.Қарабалиннің «Аждаһаның әлегі» сазды ертегісі маңғыстаулық көрермендердің назарына ұсынылмақ.

65-ші маусымын ашып отырған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық театры көптеген фестивальдердің жүлделерін иемденіп, репертуары жылдан жылға толысып, жаңарып келеді.

Қазіргі таңда театр ұжымында 200-ден астам адам қызмет етеді. Оның 60-тан астамы әртістер.