Ақтаулық сарбаздан әскери бөлімдегі ұрып-соғуға қатысты шағым түсті: сотқа дейінгі тергеу басталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаудан әскерге шақырылған сарбаз Ақтөбедегі әскери бөлімде сержанттар тарапынан бірнеше рет соққыға жығылғанын мәлімдеді. Қазір сарбаз ауруханада жатыр.
Әскери қызметшінің анасы Гүлдана Кетибаеваның айтуынша, оның 18 жастағы ұлы Досымбет биыл 3 шілдеде әскер қатарына шақырылып, Ақтөбедегі Ұлттық ұланның № 6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген.
Әйелдің сөзінше, 4 қыркүйекте оған Ақтөбедегі ауруханадан қоңырау шалып, ұлының үш күннен бері медициналық мекемеде жатқанын хабарлаған.
Алдымен сарбазды уролог тексерген. Алайда жүргізілген талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін шақырылған травматолог оның қуыққа қатысты мәселесі алған жарақатпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Гүлдана Кетибаеваның айтуынша, дәрігермен сөйлескеннен кейін ұлы әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрғанын анасына айтқан. Травматолог сарбазбен сөйлескен соң полиция шақырған. Әскери қызметші арыз жазған.
Кейін сарбаз полицияда болған кезде анасымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын айтқан.
Қазір әскери қызметшінің анасы туыстарымен бірге Ақтаудан Ақтөбеге шұғыл бара жатыр.
— Ақтөбедегі бұл әскери бөлімде не болып жатқанын анықтап, тексеру жүргізіп, жағдайды жария етуді сұраймыз, — дейді сарбаздың анасы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, 6655 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісіне қатысты аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
— Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріледі, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, 5 баланың әкесінің өлімі: Ақтауда бір адам 8 жылға сотталып, екеуі сот залынан босатылды.