Ақтаулықтар жылу беру маусымы алдында әкімдіктен көмек сұрады
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласындағы 3А шағынауданның 16 үйінің тұрғындары үйлерінің апаттық жағдайына байланысты жергілікті биліктен көмек сұрады.
Олардың айтуынша, 3А шағынауданына қызмет көрсететін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымы өз міндетінен бас тартқаннан кейін, үйдегі инженерлік коммуникациялардың жағдайы күрт нашарлаған.
-Үйдің жертөлесінің жағдайы нашар, құбырлардың қосылған жерлері скотчпен оралған, су ағызу жүйесі мүлде жоқ. Ыстық су берілген жағдайда құбыр жарылып, су басу қаупі бар. Салдарынан бүкіл үй жылусыз қалуы мүмкін, - дейді тұрғындар.
Тұрғындар коммуналдық қызметтер үшін төлемдер тұрақты төленетінін, алайда жауапты мекеме қаражатты алып, жұмыс істемейтінін айтады. Сондықтан олар әкімдік тарапынан тиісті тексерулер жүргізіп, жылу беру маусымы басталғанға дейін инженерлік желілерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды сұрайды.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының хабарлауынша, аталған үйдің коммуналдық жүйесіндегі ақау қалпына келтірілген.
-7 қазан күні 3а шағынаудандағы 16 үйдің жертөлесіндегі кәріз құбырынан ақау анықталды. Қазіргі уақытта коммуналдық мамандардың күшімен құбыр қалпына келтірілді. Айта кетейік, бұған дейін аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме жұмысына жауапкершілік танытпай, қызмет көрсетуден бас тартқан. Қазір басқа мекемемен келісімшарт жасалып жатыр, - делінген хабарламада.
Бұған дейін, Ақтауда жылу беру маусымы 7 қазан күні басталатыны туралы жазған болатынбыз.