Ақтаулық кәсіпкер ұлттық нақышта безендірілген сапалы жиһаздар шығарады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы маңғыстаулық кәсіпкерлерге серпін бере бастады. Мәселен, жеңілдетілген несиенің арқасында Ақтаудағы жиһаз цехының ісі алға басты, деп хабарлады www.24.kz.

Жеке кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсіпорнына жаңа қондырғылар сатып алды. Қазір ол ұлттық нақышта безендірілген сапалы жиһаздар шығарады. Жиһаз цехының жұмысы жанданған. Шеберлер соңғы үлгідегі үй мен кеңсе жиһаздарының сан түрін әзірлейді. Өндірістегі қондырғылар сапалы өнім шығаруға толықтай мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкер мемлекет қолдауымен жеңілдетілген несие алып, кәсіпорнын жаңғыртты. Жаңа қондырғылар алып, ісі де алға басты. 14 адамды жұмыспен қамтыды. Бүгінде мекемелерден ірі көлемде тапсырыстар қабылдауда.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 млн теңге субсидияға қол жеткіздім. Оның жартысын өзім, қалғанын мемлекет төлейді. 2 қондырғы мен қажетті материалдар алдым. Бұрындары біздер тек қана корпусты жиһаз жасаған болатынбыз. Енді жаңа қондырғылардың арқасында ағаштардың бетіне түрлі ою-өрнектер салып, сәнді жиһаздар шығарып жатырмыз. Жұмысшылар саны артып, тапсырыс берушілер де көбейді», - дейді жиһаз цехының басшысы Серік Әшімов.

Сәулеті мен сәні жарасқан жайлы мекен. Шығыс стилінде безендіріліп, оюлармен өрнектелген жиһаздар Ақтаудағы танымал сән үйіне салтанат сыйлағандай. Дизайнерлер отандық өнімдерге алғашқылардың бірі болып тапсырыс беріпті. Нәтижесі көңіл қуантады.

«Сән үйіне сән берген сияқты. Келушілер де қызығып жатады. Әдемі жер, әдемі жиһаздарды көргенде демалып кетеміз, энергия аламыз деп жатыр. Шығыс стиліндегі интерьер біздің сән үйімізге әбден лайықты», - дейді сән үйінің әкімшісі Нұрбибі Сақтағанова.

Қаржылай қолдау көрген кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларға дән риза. Мәселен өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңгеге 124 жоба жүзеге асқан. Соның арқасында мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Ал биыл өңірдегі туризм саласын дамытамын деуші кәсіпкерлерге 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар