Ақтаулық оқушылар ежелгі теңіз жануарының қаңқасын тапты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықтағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысты,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақтаулық оқушылар ежелгі теңіз жануарының қаңқасын тапты

Олар "Алтынқазған" діни жерлеу кешенінде, Ұсақ тауларында Үстірт жоталарынан ұзындығы 1,5-метрге жететін, шамамен 38-55 миллион жыл бұрын тіршілік кешкен ежелгі теңіз жануарының тасқа айналған қаңқасын тапты. Ғалымдардың болжауына қарағанда, бұл аумақ ежелгі Тетис мұхитының түбі болған.

"Үйірме 2016 жылдың қарашасынан жүргізіле бастады. Біздің мақсатымыз - балаларды туған жердің тарихын тереңірек зерттеуге, археология мамандығының қыр-сырын меңгеруге баулу. Сапарға шығардан бұрын археолог Андрей Астафьевке хабарластық. Ол бізге "Алтынқазған" діни-жерлеу кешенінде қазба жұмыстары жүріп жатқандығын айтты. Мақсатымыз - балалар қазба жұмыстарының жұмыс ретін көзбен көріп қана қоймай, өздері жасап көруіне жағдай жасау", - дейді үйірме жетекшісі Ерлан Қылышев.

«Бұл кешендегі алғашқы қазба жұмыстары 2014 жылы жүргізілген және қазіргі уақытта да қосымша жұмыстар атқарылуда және жаңа экспонаттар табылып жатыр», дейді жас археолог Фариза Шынжырова.  

Алтынқазған діни-жерлеу кешеніндегі алғашқы археологиялық жерттеу «Жаңа тарих» аймақтық бағдарлама аясында 1014 жылы өткізілген. Бұл алаңда 198 археологиялық нысан және 5 қорған табылды.

Қорғандардың диаметрі -25-30 метрден, ал биіктігі 0,8-1,2 метр. Ескерткіштердің алып жатқан аумағы 130 га.

«Үстірт тауынан мен көп нәрсе таптым, бәрінен бұрын акулалардың тістері мол кездесті. Жартастарда тасқа айналған қаңқалар да көп»,-дейді мектеп оқушысы Дина Қожанова.

  «Архелогогтардың пікірінше, бұлар тасқа айналған ұзындығы 1,5-2 метрге жететін жануарлардың  қаңқалары. Үйірме мүшелері  дәл анықтау үшін палеонтологтарға жүгініп, өз зерттеулерін жүргізуді жалғастырмақ», дп атап өтті дүниежүзілік  тарих пәнінің мұғалімі Азамат Туйтін.

Сондай-ақ оқушылар таудағы 150-200 метр биіктікте орналасқан үй-жайды қалпына келтіру жұмыстарына да атсалысты. Оны 2007 жылы Маңғыстау облыс аумағындағы Ұлы жібек жолы  маршруттарын анықтау барысында археолог Андрей Астафьев тапқан. Алғашқы қазба жұмыстары тек биыл ғана басталды.

"Бұл кентті алғашында Хазар кезеңіне тиесілі деп ойладық. Өйткені бұл жерден және Алтынқазғаннан ежелгі Хорезмнің монеталары табылған болатын. Біз 350х550 метр жердің аумағын қаздық. Дегенмен, осында өзге де экспонаттар табылған соң біздің заманымыздың ІІІ-V ғасырына тиесілі екендігі анықталған. Қазіргі Каспий теңізінен 150-200 метр биіктікте орналасқан.

Экспонаттарға қарап ежелгі қала тұрғындарының  ауқатты тұрғандықтарын байқауға болады.  Өйткені біз қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған қыш құмыралардың сапасының жоғарылығы осының дәлелі", - дейді үйірме қатысушы Гизат Рахманшин.

Археологтардың пікірінше, бұл бұл елді мекеннің ерекшелігі - ежелгі Каспий теңізінің порты болу мүмкіндігі.

Айта кетер жайт, үйірме мүшелері қазба жұмыстары жайлы жұртшылыққа арнайы есеп дайындауда.