Ақтаулық жас ғалым лейшманияға қарсы фитопрепарат ойлап тапты

None
Фото: Мәншүк Ибраеваның жеке мұрағатынан
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтаулық жас ғалым Мәншүк Ибраева вербаскум өсімдігіне зерттеу жүргізіп, лейшмания ауруына қарсы фитопрепарат дайындады. Препарат дертке қарсы күшті белсенділік көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәншүк Ибраева – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, ғылым жолында тәжірибесін жетілдірген маман. Оның ғылыми бағыты – табиғи қосындылардың химиясы немесе фитохимиялық зерттеулер.


«Ғылыми бағытым бойынша өсімдіктердің құрамынан дәрілік заттарды аламын. 2015 жылы Қытайға барып, артемизия өсімдігінің құрамын зерттедім. Нәтижесінде, бактерияға қарсы өнім шықты. Ал, 2016 жылы Пәкістандағы Карачи университетінде вербаскум өсімдігіне зерттеу жүргіздім. Құрамынан бұрын әлемде келтірілмеген жаңа екі зат алынды. Сол заттардан фитопрепарат дайындадым. Ол лейшмания ауруына қарсы күшті белсенділік көрсетті. Нәтижелерінің барлығы патенттелді. Осылайша, SCOPUS базасына материалдар шыққан еді. Мұндай нәтижеге қолжеткізу үшін тынымсыз еңбек, ізденіс, ерік-жігер мен шыдамдылық қажет. Осы қасиеттер әрбір ғалымнан табылса, шығар шыңымыз биік болар еді», - дейді ол.


Қазіргі таңда Мәншүк Ибраева Маңғыстау өсімдіктерінің құрамын зерттеу үшін тәжірибелік-ботаникалық бақпен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Ғалымның айтуынша, Маңғыстау – аридті зона, өсімдіктері ащы, бактерияларды өлтіруге және адам ағзасына пайдалы. Сондықтан, алдағы жоспары бойынша жергілікті жерде өсетін өсімдіктердің құрамына зерттеу жүргізіп, жаңа нәтиже шығармақ.

Айта кетейік, жалпы Маңғыстауда 150-ге жуық ғалым бар.




Соңғы жаңалықтар
telegram