Актер үшін жағымсыз кейіпкер болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Талантты ұштау, шыңдау, сол арқылы жетістіктерге жету әркімнің өз еңбегінің нәтижесі. Бойындағы қабілет қарымды пайдалану, өз ісінің шебері деген атаққа ие болу жолында әркім өз шама-шарқы келгенше еңбек етеді, тер төгеді.
None
None

Әкемтеатрдың төріндегі спектакльдерде бірде жағымды, кейде жағымсыз рөльдерді сомдап жүрген, кезінде «Қазақстан» Ұлттық арнасынан жүрген «Қымызхана» хабарының сәнін келтірген, кинода өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін дарынды актрисалардың бірі - Айзада Сатыбалдиева. Оның атасы Сатыбалды өз заманында Оңтүстік өңіріне танымал ақын кісі болса, ал, анасы ауылдағы той-томалақтың сәнін келтіріп жүретін әнші болған. «Отбасында жай отырыстың өзін отыра қалсақ думанға айналдырып, үй-ішін сырнай сазы кернеп, домбыра қылы тербеп кететін еді. Бүгінгідей заман болса, ата-анамның өнерде жеткен жетістіктері көп болар еді», - дейді актрисаның өзі.

Бала күнінен-ақ өнерге құштар өскен Айзада мектебі, ауылының намысын қорғап аудандық, республикалық байқауларға қатысып, дарындылар додасынан дара шыққан кезі аз емес. Айтуынша, түрлі қойылымдар қойып, концерттік бағдарламалардың бел ортасында жүретін ол үнемі алдыңғы қатардан көрінетін.

Оңтүстік өңірінен арман қуып Алматыға келген балауса бойжеткен үшін Өнер институына оқуға түсу де соншалықты қиындық тудыра қоймағанға ұқсайды. Ол өзінің ұстаздары Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев ағаларын әрқашан мақтан тұтқандығын жеткізді.

Оқуды тәмамдар кездегі дипломдық спектакльдерін көрген сол кездегі Астана театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Қадыр Жетпісбаев жас қызды Астанаға шақырып, Жастар театрынан қызмет ұсынған. Ол жақта Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Жібек, «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Баян, М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Құртқа, «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Байсейітовтің «Беу, қыздар-айында!» Жансұлу, Әнес Сарайдың «Балуан Шолағында» Татьяна, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» Дениза, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Нигора, М.Файзидің «Башмағымында» Сәруар образдары бұйырған. «2000-жылы Әзірбайжан Мәмбетов «Қыз Жібек» қойылымын сахналады. Режиссер басты рөльге мені таңдады. Алғаш бұл қойылымды Елбасының өзі арнайы келіп, тамашалады. Дәл сол жылды Мемлекет басшысы «Өнер жылы» деп жариялаған болатын. Елбасы сол сәтте біздің театрдың біраз әртістеріне өз қолымен пәтердің кілтін табыстаған еді», - дейді актриса.

Бірқатар өнер адамдары Алатау бауырынан Астанаға қарай ағылып жатқанда Айзада Алматысына қайта оралды. Үйреніспегендіктен емес, Астанаға қызмет ұсынғанда үлкен қолдау білдірген өмірлік серігінің көңілі үшін. Жолдасы да өнер ауылынан алыс емес. Қазақтың белді ақындарының бірі - Бақыт Беделхан. «Астана театрына шақырту алғанымда ұстаздарым Бақыттың «Астанаға апарамын» деген бір ауыз уәдесін алған. Бірге бардық. Жаман болған жоқпыз. Қазіргідей емес, ол кезде Астанада ақындардың қарасы аз еді. Шығармашылық иелерінің басым бөлігі Алматыда болатын. Бақыт әдеби ортасын сағынды. Сосын ақылдасып, Алматыға қайта қоныс аудардық» - деді ол.

Алматыға оралғаннан кейін әкемтеатрға жұмысқа орналасқан актрисаға бұл жерден де біраз рөлдер бұйырды. М.Әуезовтің «Карагөзінде» өсекші әйел, «Қилы заманында» қаражаулықты ана, Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» Зүлейха, Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Елизавета, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншегінде» кезбе әйел, Ә.Әмзеұлының «Қара кемпірінде» жеңге, Ә.Рахимовтің «Қылмыскерге куәлігінде» Ұзынетек, С.Асылбековтің «Империядағы» кешінде» Нұрсұлу, Ү.Ғаджыбековтің «Аршын мал аланында» Гүлчахра, Н.Гогольдің «Үйленуінде» Арина, Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтарында» Михр ханым, Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Ұзынғайша, И. Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?...» реквиемінде Нұрғаным, Т.Әбдіковтің «Ұлы мен Ұрысында» журналист қыз рөлдерін сәтті сомдап шықты. Осылардың ішіндегі «Империядағы кеште» Тойболдының жары Нұрсұлу образы көрермен үшін жағымсыз кейіпкер болса да, актриса оны өзінше ақтайды. «Көрермен Нұрсұлуды жылпос, көп сөйлейтін жағымсыз кейіпкер ретінде таниды. Бірақ, мен үшін олай емес. Әртіс өзінің рөлін жақсы көру керек. Мейлі, ол жағымсыз кейіпкер болса да. Рөльді сүймесең, оны лайықты деңгейде алып шыға алмайсың. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дейтін мақал дәл Нұрсұлуға қатысты айтылған. Бала-шағасын асырау, заман қиындығына қарсы тұру үшін түрлі қитұрқы амалдарға барады. Оны бұл кейіпке өмірдің өзі әкеліп отыр. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген қағиданы берік ұстанатын ол адал еңбектен гөрі, бәрін қулықпен, айла-амалмен тауып кеткенді жөн көреді. Осы мінезімен де кандидаттығын қорғап, біраз жетістікке жеткен және айналасындағыларға көп биікті бағындыра алатынын дәлелдеген. Арының алдында өзін кінәламайды», - дейді актриса. Кейде сол жағымсыз кейіпкердің өзінен актердің өзі ғана емес, көрермен де жақсы қасиетін іздей білу керектігін айтады.

Тағдыр тарту еткен талантты еңбекпен ұштастыру арқылы биік дәрежеге шығаруға болады деген қағиданы ұстанатын актриса адал еңбектің арқасында еңбегі еленіп, өнерге адал қызмет етіп, есімі ел есінде сақталған біраз театр тарландарының өмір жолын үлгі тұтып келеді. Ал, ойнаған кейіпкерінен жақсыны жақсы деп тануға, жаманды жаман деп тануға үйренді.

Соңғы жаңалықтар