Активтерді қайтару: Арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов айтты.
«2024 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша Арнаулы мемлекеттік қор түсімдері – 176,3 млрд теңге. Басқарушы компаниядан түскен қаражат - 5,7 млрд теңге, оның ішінде активтерді сатудан 5,559 млрд теңге және активтерді басқарудан - 141 млн теңге. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын бөлу орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын міндетті түрде Бюджет кодексіне сәйкес республикалық бюджет комиссиясында қараумен жүзеге асырылады. Қор қаражаты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалатын болады», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында айқындалған. Осы қағидаларға сәйкес мемлекеттік органдар әзірлеген жобалар Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасына жататын болады. Бұдан әрі жобаларды қор қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесін Қаржы министрлігі Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарады.
«Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу тәртібі қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу қағидаларында айқындалған», - деді Бақытбек Тәшенов.