12:03, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақтөбе әкімінің есеп беру кездесулері аяқталды
АҚТӨБЕ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Кеше Ақтөбеде өткен қалалық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында қала әкімі Архимед Мұхамбетов депутаттардың және жұртшылықтың алдында қаланың 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы есеп беріп, 2009 жылдың мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Бұл - әкімнің халықпен өткізген оныншы, қорытынды кездесуі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиналысқа қалалық мәслихат депутаттарымен бірге, облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, партияның, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қарапайым қала тұрғындары және облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысты. Қала әкімі Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында атқарушы өкімет қабылдап жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді және ағымдағы жылға мақсат-міндеттер қойды. «Біз биыл да дамудың жоғары қарқынын сақтауды жоспарлап отырмыз», - деді әкім өз сөзінде. Ақтөбеліктер өз кезектерінде негізінен қоғамдық көлік, бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жасау, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлер салу, қаланы санитарлық тазалау сияқты мәселелерге қатысты бірнеше сауалдар қойды. Ақтөбе әкімінің қаңтар айы ішінде өткізген есеп беру кездесулеріне 2200-нан астам адам қатысып, 160-тай ұсыныс пен сауалдар түсті.