Ақтөбе, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы орман өрттері толық сөндірілді
АСТАНА. KAZINFORM – 19 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бір орман өрті тіркеліп, ол толық сөндірілді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, өрт Ақтөбе облысындағы «Қарабұтақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағында болған.
Сонымен қатар орман өрттерін сөндіру жұмыстарының нәтижесінде 15 шілдеде Ақмола облысының Ерейментау өңірінде тіркелген екі орман өрті мен 18 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында шыққан бір орман өрті де толық сөндірілді.
– Орман шаруашылығы қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМК мамандарының үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде орман өрттері қысқа мерзімде оқшауланып, толық сөндірілді, – делінген комитет хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, өрт ошақтарын ерте анықтау, күштер мен құралдарды уақытылы жұмылдыру, сондай-ақ авиация мен жерүсті қызметтерінің бірлескен жұмысы тілсіз жаудың кең аумаққа таралуына жол бермей, оны жедел жоюға мүмкіндік беріп отыр.
– Ауа температурасының жоғарылауына байланысты елімізде орман өрттерінің саны артып келеді. Осыған байланысты азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз, – деп мәлімдеді комитет.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның үш өңірінде орман өрті тіркелгені хабарланды.