Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбе: футбол, тары және технология тоғысқан өңір

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасының «Елмен бірге» танымдық жобасы Ақтөбе өңіріне жол тартты. Өндірісімен, қарқынды құрылысымен танылған облыс орталығында тарих пен спортты, кәсіпкерлік пен заманауи технологияны тоғыстырған нысандар көп. Бағдарлама жүргізушісі өңірдің тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп, тұрғындар үшін маңызды орындармен танысты.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Мыңдаған жанкүйердің басын қосқан стадион

Ақтөбенің шын жүрегі қайда десеңіз, ойланбастан Қобыланды батыр атындағы орталық стадионды атауға болады. Өйткені дәл осы жерде мыңдаған адамның қуанышы, үміті мен эмоциясы тоғысады. 1975 жылдан бері бұл – «Ақтөбе» футбол клубының төл алаңы. Қазақстандағы атмосферасы ерекше стадиондардың бірі десек, артық айтқандық емес.

Ақтөбе
Фото: видеодан алынған скрин

Жуырда стадион тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Өңірдің тумасы, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің «Ақерке» әніне түсірілген бейнебаян осы жерде таспаланды. Түсірілімге он мыңнан астам ақтөбелік жиналып, трибуналар лық толды. Стадиондағы ерекше көңіл күй мен жанкүйерлердің ыстық ықыласын бейнебаяннан анық байқауға болады.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Футбол десе, көпшілік ең алдымен ойыншыларды, жанкүйерлерді, голдар мен жеңістерді еске алады. Алайда стадионда тасада қалатын еңбек адамдары да бар. Олар күн сайын алаңдағы әр тал шөпке күтім жасап, оны кезекті матчқа дайындайды. Өйткені сапалы ойынның бастауында сапалы алаң тұрады.

в
Фото: видеодан алынған скрин

– Біз алаңды футболшыларға дайындаймыз. Бұл – жасанды емес, табиғи көгал. Оны сағат сайын суарып, тұрақты күтім жасаймыз. Көгалды шахмат тәртібімен шабамыз. Бір шабуға 4,5-5 сағаттай уақыт кетеді. Әсіресе футбол матчтарынан кейін алаңды қалпына келтіруге екі тәулікке жуық уақыт қажет. Ойылған жерлерін тегістеп, көгалдың бастапқы қалпына келуін қамтамасыз етеміз, – деді көгалдандыру технигі Айболат Нығметов.

Ашық аспан астындағы авиация музейі

Ақтөбеге алғаш келген адам үшін ашық аспан астындағы авиация музейі ерекше әсер сыйлары анық. Мұнда еліміздің әуе қорғанысында қызмет еткен тоғыз әскери ұшақ пен бір тікұшақ қойылған. Әуе техникасының дәл осы жерде орналасуының өзіндік себебі бар. Оның жанында Орталық Азиядағы әскери ұшқыштарды даярлайтын жалғыз әскери институт – Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты орналасқан.

в
Фото: видеодан алынған скрин

– Қазіргі уақытта институтта 500-ден астам курсант білім алып жатыр. Оқу барысында практикалық дайындыққа ерекше мән беріледі. Екі әуе айлағымыз және тікұшақтарымыз бар. Институтымыздың ерекшелігі – әуе мамандарымен қатар әскери-теңіз мамандарын да даярлаймыз. Олар оқуын аяқтап, офицер атағын алғаннан кейін әскери-теңіз күштерінде қызметін жалғастырады. Ал қыздар әскери медицина мамандығы бойынша бес жыл білім алып, кейін интернатурада оқуын жалғастыра алады. Нәтижесінде әскери дәрігер мамандығын меңгереді, – деді Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты баспасөз қызметінің басшысы Асылбек Коханов. 

Курсанттардың тәжірибесін шыңдайтын заманауи симуляторлар да бар. Мұнда тікұшақ пен әскери ұшаққа арналған тренажерлер орнатылған. Олар басқару жүйесінен бастап, ұшу кезіндегі түрлі жағдайларға дейін шынайы әсер береді. Яғни болашақ офицерлер аспанға көтерілмей тұрып-ақ, нағыз ұшу жағдайын осы жерде сезінеді.

Бүгінде институтта жеті мамандық пен 15 біліктілік бойынша болашақ әуе қорғанысы күштерінің офицерлері даярланады. Әскери ұшқыштар, авиациялық инженерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттарының мамандары, әскери медицина және әскери-теңіз бағытындағы курсанттар төрт жыл бойы білім алып, теорияны тәжірибемен ұштастырады.

Кәсіпкерлер тегін саябақтар салған

Ақтөбеде саябақ пен сквер өте көп. Соңғы екі жылдың өзінде мұнда 40 сквер бюджет қаржысына емес, туған қаласына жанашыр азаматтардың жеке қаражатына салынған. Осындай игі істердің арқасында бұрын бос жатқан аумақтар бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орындарына айналыпты.

– Балалардың осындай алаңда доп теуіп жүргенін көру бізге керемет сезім сыйлайды. Аумағы 1,5 гектарға жуықтайды. Ойдың, бойдың және қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Тазалық науқаны халық пен кәсіпкерлерді біріктіріп отыр. Мұны қалаға, облысқа, елге, тіпті болашаққа салынған инвестиция деп нық сеніммен айтуға болады. Бүгінде облыста 32 кәсіпкер өз қаражатына саябақ салып берді. Мақсатымыз бір – елді көркейту, тазалықты сақтау және балалардың болашағына қолайлы жағдай жасау, – деді кәсіпкер Аслан Қайырғалиев.

Тарыдан жасалған балмұздақ

Ақтөбе тарының бейресми астанасы саналады. Тарысымен танылған өңірге келіп, одан жасалған тағамдардан дәм татпау сапардың сәнін келтірмес еді. Ақтөбелік кәсіпкерлер ұлттық өнімді заманауи форматта ұсынудың жолын да тапқан. Соның бірі – шоколадтағы жент.

у
Фото: видеодан алынған скрин

– Шоколадтағы жент Ақтөбеден шыққан. Бұл – табиғи, глютенсіз әрі денсаулыққа пайдалы өнім. Ең алдымен жентті қалыпқа құйып, тоңазытқышта қатырамыз. Оған сұраныс өте жоғары, күніне шамамен 100 қорап дайындаймыз. Бұдан бөлек, түрлі десерттер әзірлейміз. Жақында тарыдан балмұздақ та шығардық, – деді шеф-кондитер Бақытжан Құрманбеков.

Медицинаны цифрландыру

Ақтөбе облысында 958 мыңнан астам адам тұрады. Өңір аумағының кеңдігі медициналық көмекті шалғай елді мекендерге уақытылы жеткізуді талап етеді. Мәселен, Ырғыз ауданы облыс орталығынан 320 шақырым қашықта орналасқан.

ы
Фото: видеодан алынған скрин

Осыған байланысты медицина саласында цифрлық технологиялар белсенді қолданылып келеді. Ауылдар мен аудандарда түсірілген рентген және КТ нәтижелері бірыңғай жүйеге енгізіледі. Дәрігерлер зерттеу нәтижелерін ортақ база арқылы көріп, қажет болған жағдайда қайта қарай алады.

– Ауылдар мен аудандарда түсірілген рентген және КТ нәтижелері бірыңғай жүйеге енгізіледі. Біз сол жүйе арқылы кез келген жерден зерттеу нәтижелерін көре аламыз. Бұл науқастарға да ыңғайлы. Бұрынғыдай рентген пленкасын қолына бермейміз. Науқас оны жоғалтып алса да, дәрігерлер ортақ базадан тауып, қайта қарай алады. Бұл диагноз қойып, шешім қабылдауға да қолайлы. Біздің дәрігерлер күнделікті тәжірибесінде жасанды интеллектіні пайдаланады. Ол дәрігерге қосымша құрал ретінде қажет. Кейде біз байқамаған белгілерді ЖИ анықтауы мүмкін. Дегенмен ол диагноз қоймайды, тек дәрігерге қай тұсқа назар аудару керегін көрсетіп, ескертіп отырады, – деді Ахуалдық орталықтың қабылдау бөлімінің басшысы Ұлан Рүстемов.

Бұған дейін «Елмен бірге» жобасы Қызылорда қаласының жаңа келбетін көрсеткен еді.