Ақтөбе облысына халықаралық инвестициялық деңгейдегі рейтинг берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық рейтингтік агенттік Fitch Ratings Ақтөбе облысына «BBB-» деңгейінде тұрақты болжаммен ұзақмерзімді халықаралық кредиттік рейтинг және «AA+(kaz)» деңгейінде ұзақмерзімді ұлттық рейтинг берді.
«BBB-» рейтингі Fitch халықаралық шкаласы бойынша инвестициялық деңгейге сәйкес келеді және өңірдің қаржылық міндеттемелерін уақытылы әрі толық көлемде орындау қабілетін көрсетеді. Ал «AA+(kaz)» ұлттық рейтингі облыстың қазақстандық эмитенттер арасындағы жоғары кредиттік қабілеттілігін айғақтайды.
Ақтөбе облысы өнеркәсіптік, табиғи ресурстық және инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Экономиканың әртараптандырылған құрылымы мен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болып отыр.
«Fitch халықаралық рейтингі – өңірдің қаржылық тұрақтылығына берілген тәуелсіз баға және Ақтөбе облысының экономикалық әлеуетіне деген сенімнің айқын көрінісі. Бұл біз үшін атқарылған жұмыстың нәтижесі ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартуға, жаңа жобаларды іске асыруға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға қосымша мүмкіндік. Басты міндет – осы әлеуетті экономиканың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолында тиімді пайдалану», – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықаралық кредиттік рейтингтің берілуі өңір инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін тарту мүмкіндігін кеңейтеді.
Сондай-ақ бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға оң әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, Ақтөбеде қала ішіндегі маршруттарды субсидиялауға 10 млрд теңге жұмсалады.