Ақтөбе облысында интернет-алаяқтық деректері 12%-ға азайды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында интернет-алаяқтыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары күшейтілді, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

ІІМ ЖИ арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертеді
Фото: Polisia.kz

Ақтөбе облысының прокуратурасы облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, интернет-алаяқтықтың және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Ақтөбе — алаяқтықсыз аумақ» және «Есірткі тосқауылы-2026» жобаларын іске асыруды жалғастырып жатыр.

Құқық қорғау органдарының, екінші деңгейдегі банктердің, жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылықтың өзара тығыз іс-қимылының арқасында өңірде қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады.

— Алаяқтық фактілерінің саны 6%-ға, ал интернет-алаяқтық 12%-ға азайды. Ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан, айналымы 3,3 млрд теңгені құраған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Сондай-ақ 150 дроппер анықталып, 6 ұйымдастырушы қамауға алынды, екі адамға халықаралық іздеу жарияланды, — делінген ведомство хабарламасында.

«Есірткі тосқауылы-2026» жобасы аясында алдын алудың цифрлық құралдары енгізілді. «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы есірткі қылмысының алдын алу бойынша ақпараттық материалдар орналастырылып, 300 мыңға жуық пайдаланушы қамтылды.

Бұдан бөлек, қоғамдық көліктерде тақырыптық аудиороликтердің тұрақты түрде хабарлануы ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген есірткі қылмыстарының саны 10%-ға, оның ішінде өткізу фактілері 24,5%-ға, есірткі құралдарын сақтау фактілері 19,7%-ға төмендеді.