Ақтөбе облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Ақтөбе облысы бойынша 40 елді мекен алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту бастамасын қолдап отыр, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысында тағы бір ауыл алкогольден бас тартты
Фото: ҚР ІІМ

20 мамырда Әйтеке би ауданына қарасты Қияқты ауылында жергілікті атқарушы органдардың, қоғам өкілдерінің және полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті.

Іс-шараға ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары, полиция қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық тәртіпті нығайту және ауылдағы тұрақты әлеуметтік ахуалды сақтау мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Қияқты ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.

— Ауылда 62 үй орналасқан, халық саны — 207 адам. Соңғы бес жыл ішінде елді мекен аумағында бірде-бір қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық тіркелмеген, — делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай оң көрсеткіштер тұрғындардың ауызбіршілігінің, белсенді азаматтық ұстанымының және жергілікті атқарушы органдар, ақсақалдар кеңесі мен полицияның бірлескен профилактикалық жұмысының нәтижесі саналады.

Қазіргі таңда облыс бойынша 40 елді мекен алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту бастамасын қолдап отыр. Мұндай ауылдарда тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтар азайып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жақсарған.

Полиция тұрғындарды өзара сыйластықты, заңға құрметті және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау дәстүрін сақтауға шақырды.

Бұдан бұрын Абай облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 30-ға жеткенін жаздық.