Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 7 медициналық нысанның құрылысы аяқталады – Асхат Шахаров
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Әкімнің айтуынша, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі басты назарда.
- Облыс тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамту мақсатында ауылдық жерлерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жобаны іске асыру көзделген, - деді Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның мәліметінше, бүгінге дейін 22 нысанның құрылысы аяқталып, қажетті медициналық жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етілген.
- Нәтижесінде 13 мыңға жуық ауыл тұрғыны медициналық көмекке қол жеткізді. Сонымен қатар жыл соңына дейін 7 нысан құрылысы аяқталып, тағы 4 мыңнан астам адам медициналық қызметке қол жеткізеді, - деді Шахаров.
Сондай-ақ облыс әкімі әлеуметтік саланың маңызды бағыттарының бірі білім беру екенін атап өтті.
- Заманауи оқу ортасын қамтамасыз ету үшін биыл 8 жаңа мектеп халық игілігіне берілді. Оған қоса, жыл соңына дейін тағы 12 білім нысанын пайдалануға береміз, ал қолданыстағы 3 мектепте қосымша спортзал құрылыстарын аяқтау жоспарланған, - деп толықтырды.
Әкім биылғы басты жобалардың бірі туралы да мәлімет берді.
- 9 100 орынға арналған 12 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр, - деді Асхат Шахаров.
Еске сала кетейік, Бұрын-соңды медициналық мекеме болмаған 194 елді мекенде денсаулық сақтау нысандары салынғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қазақстан әлемнің үздік 100 білім беру инновациясының қатарына енді.