Ақтөбе облысы ірі ет экспортеріне айналуы мүмкін

АҚТӨБЕ. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысы Кеден одағы шеңберіндегі аса ірі ет экспортеріне айналуы мүмкін. Осындай пікірді ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин айтты.

Ақтөбе облысы ірі ет экспортеріне айналуы мүмкін

Ақтөбе облысының активінде сөйлеген сөзінде ол, аймақ басшылығының мал шаруашылығын дамытуды басымдық ретінде нақтылап, ауыл шаруашылығына қатысты көзқарасты өзгерту қажеттілігін атап өтті.

«Облыста ауа райы өзгеруде. Аграршылар өсімдік өсіруге қаншама күш-жігерді жұмсап отырса да, ол еңбегі көп жағдайда еш кетіп отыр. Облыста үш жыл қатарынан құрғақшылық болды, орасан зор мемлекеттік және жеке ресурстар жұмсалды, бірақ қайтарым жоқ», - деді Аслан Мусин.

«Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының аса тұрақты салаларының бірі. Қолайлы жағдай жасай алсақ, Ақтөбе облысы Кеден одағы шеңберіндегі аса ірі ет экспортеріне айналуы мүмкін», - деп мәлімдеді ол.

Айта кетейік, А. Мусин бүгін облыс активіне өңірдің қайтадан тағайындалған әкімі Елеусін Сағындықовты таныстырды.