Ақтөбе облысы Қобда ауданының балабақшасында үш жасар сәби қаза тапты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 3 маусым күні Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ кентінің «Кәусар» балабақшасында бала өлімімен аяқталған қайғылы оқиға орын алды.
Әзірге анықталмаған себептермен үш жасар баланың үстіне шкаф құлап кеткен. Соның салдарынан басына ауыр жарақат тиген ол Қобда аудандық ауруханасына жеткізілді.
Сәби сол күні Апаттар медицинасы орталығының көлігімен Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Медициналық мекеме дәрігерлерінің хабарлауынша, бала бас-ми жарақатын алған. Соның салдарынан ол 6 маусым күні көз жұмған.
«Полицейлер жазатайым оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 141-бабы (Балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісті атқармау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді болған оқиғаны Ақтөбе облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.