Ақтөбе облысына республикалық ақпараттық-насихат тобы келді
АҚТӨБЕ. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбе облысына ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобы келді.
Үш күндік сапардың мақсаты - қала мен облыс тұрғындары арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, аталмыш топты ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап келді. Сонымен қатар топ құрамында Қауіпсіздік кеңесінің, ҚР агенттіктері мен министрліктерінің басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бар.
Жоспарланып отырғандай, бүгін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында республикалық топтың мүшелерінің қатысуымен облыс активі өткізіліп, оған облыстық АНТ мүшелері, жергілікті және атқарушы органдардың және орталық атқарушы органдардың аймақтық бөлімшелерінің басшылары, мәслихат депутаттары, қоғам мен БАҚ өкілдері қатыстырылады.
Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері 24-25 ақпанда Ақтөбе облысының аудандарына шығып, ауылдықтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.