12:48, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақтөбе облысында электр энергиясының бағасы арзандауда
АҚТӨБЕ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысында электр қуатының тарифі 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап арзандап отыр, бірақ бұл «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» электр қуаты желісінің іске қосылуымен байланысты емес,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қаңтардың 1-інен бастап халық үшін тариф -10 пайызға, заңды тұлғалар үшін 3 пайызға арзандатылды. Енді ақтөбеліктер 1 кВт/сағат электр қуаты үшін 7,7 теңгенің орнына 6,86 теңге, ал кәсіпорындар 11,01 теңгенің орнына 10,7 теңге төлейтін болады. Жергілікті өкіметтің, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің, энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың бірлескен күш-жігерінің арқасында тариф сәл де болса кеміп отыр. Бірінші кезекте, Ақтөбе жылу-электр орталығы алатын ілеспе газдың белгіленген әлеуметтік төмен бағамен берілуі, электр қуатының соған орайластырылған бағамен сатылуы, оған қоса энергиямен жабдықтаушы компаниялардың 2008 жылы өндірістік шығыстарды үнемдеуі тарифті арзандатуға негіз болды. Ал, 2009 жылдың наурыз айында электр тарифін тағы да төмендету жоспарланып отыр.