Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбе облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы кезінде 546 ЖҚЕ бұзу оқиғасы анықталды

АҚТӨБЕ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы кезінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 546 фактісі анықталды,

Ақтөбе облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы кезінде 546 ЖҚЕ бұзу оқиғасы анықталды

деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Аталмыш жедел-алдын алу шарасын өткізудегі мақсат - жол-көлік апаттарының санын азайту және Астана мен Алматы қалаларындағы 7-Қысқы Азиада ойындары алдында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың оқиғаларын анықтау, сонымен қатар облыстарда Азия ойындарының Алау эстафетасын өз деңгейінде өткізу.

Полицейлер жедел алдын алу шарасын өткізу кезінде басты назарды көлік құралдарын мас күйінде басқару, жүргізушілердің радиостансылар мен телефондарды пайдалануына, алдыңғы әйнектері мен қапталдағы әйнектеріне жарық тасалау жапсырмалары жапсырылған көліктерді пайдалану секілді фактілерге аударды.

Жол полициясы инспекторлары анықтаған 546 бұзушылықтың 21-інде жүргізушілер көлікті мас күйінде басқарған, 75 адамда көлік басқаруға құқық беретін құжаттары болмаса, 84 адам жылдамдықты асырған, ал 66 азамат қауіпсіздік белдігін тағынбаған және өзге де құқық бұзушылықтар бар.

Әкімшілік жауапкершілікке жаяу жүргіншілер де тартылды. Мәселен, 45 ақтөбелік көшені белгіленбеген жерлерден өткені үшін жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, полицейлер бұрындары жасалған жол-көлік оқиғаларын ашуға да мүмкіндік алды. Мәселен, 2010 жылдың 28 маусымында Ақтөбе-Орск тас жолының 14-шақырымында «Москвич» автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі Пригородный-2 кентінің тұрғыны, 24 жастағы велосипед жүргізушісін қағып кетіп, ізін сутты. Зардап шеккен азамат оқиға орнында қаза тапты. Кеше күдікті азамат жол полициясының жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлерімен тұтқынға алынды. Адам өліміне себепкер болып, оқиға орнынан кетіп қалған қылмыскер ешқайда тығылмай, қаперсіз өзінің қала маңындағы ауылында тұрып жатқан.