Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбе облысында ведомствоаралық топ іске кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2016 жылғы 29 қыркүйектен Ақтөбе облысында «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылуда. Аса маңызды жобаны бірлесіп атқару үшін аймаққа ведомствоаралық топ келді. Бұл топтың құрамына 200-ге тарта маман тартылған. Олардың басым бөлігін мемлекеттік қызметкерлер емес, негізінен азаматтық сектор сарапшылары, бизнес субъектілерінің, даму институттарының, діни және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері құрайды.

Ақтөбе облысында ведомствоаралық топ іске кірісті

Жоба жүзеге асырылғаннан бері топ мүшелері облыстың 57 мың тұрғынымен жүздесіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты әңгіме­лер жүргізді. Негізгі бағдар облыстың қалалары мен ауыл­дарының тұрғын­дарына мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін нақты түсіндіру арқылы жасалуда. Сондай-ақ өңірде биз­нестік ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Нақты азаматтардың көкейкесті мәселелерін түсіну және оларды жедел шешу үшін топ жергілікті әкімдіктердің өкілдерімен бірге осы күндерде Ақтөбе қаласының, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Хром­тау және Алға аудандарының тұрғындарымен кездесті, ша­ғын және орта бизнес объектілерінде болды. Адамдарға, оның ішінде 909 кәсіпкерге бизнесті ашу механизмдері, шағын бизнес түрлері, инфрақұрылымдарға жол, қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдаулар туралы айтылды. Жекелей алғанда 167 кәсіпкерге кеңес берілді.

Бұл аудандарда ауыл жастары үшін өз бизнестерін ұйымдастыру және жүргізу бойынша тренингтер, семинарлар және шеберлік кластары жүргізілді. Оларға бизнес жоспар жасауға көмек көрсетіліп, өтімді бизнес-идеялар ұсынылды.
Бұл тренингтер тұрғындар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Тұрғындардың сұрауына орай аталған тренинг бойынша арнаулы сюжет түсі­ріліп, таяу уақытта жалпы жұртшылыққа көр­сеті­летін болады.

Аталған аудандардың 28 селолық әкімі бизнес-идеялар туралы білім алып, ақпараттармен қамтамасыз етілді. Сонымен бір мезгілде жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірдің әлеуметтік мәселелері де шешілуде.
Жұмыстың 10 күні ішінде Алға және Мұғалжар аудандарында топ 16 жұмыссызға жұмыс табуға көмектесті. Жұмыс берушілермен келіспеушілік туындауына жол бермеу мақсатында 21 ұжымның 1400-дей қызметкеріне еңбек құқықтары түсіндірілді.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан 962 адаммен кездесу өтіп, оларға «Өрлеу» жобасына қатысу шарттары түсіндірілді, 47 адам көмек алды.
Тұрғындардың денсаулығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Денсаулық» медициналық пойызының дәрігерлері аталған аудандарда 1830 адамды тексеруден өткізді, олардың арасынан 467 адамға тиісті емдеу жасалу үшін медициналық мекемелерге жолдама берілді.

Алдын ала тексерумен 1942 мектеп оқушысы қамтылды, олардың арасынан 271-і сауықтыруға жіберілді. Астана және Алматы қалаларынан келген жетекші дәрігерлер 2,5 мың азаматты қабылдады, олардың 155-не көмек көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ведомство­аралық топтың жұмысының басқа бағыт­тары бойынша да патрио­тизмді көтеру, отбасылық құндылықтарды, ұлтаралық келі­сімді нығайтуға бейімдейтін ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Күн сайын әртүрлі аудитория алдында министрліктердің тәжірибелі басшылары, теологтар мен психологтар сөз сөйлейді. Негізінен, теологтар және дінтанушылар 11,6 мыңнан  астам адамға экстремизм идеологиясының мәнін түсіндірді.

Мектеп оқушыларына, студенттерге, кәмелетке жасы толмағандар инспекциясында есепте тұратын балаларға радикалдардың жас адамдарды өз қатарына қалай тартатыны, олардың идеологиясы жастарға қалай әсер ететіні, тыйым салынған қызметтерге қатысқаны үшін қандай жауапкершілік туындайтыны түсіндірілді.
Сондай-ақ, топ лаңкестік қаупі болғанда немесе актісі жасалғанда адамдарға өзін-өзі салмақты ұстау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта Темір және Хромтау аудандарының 3 мыңдай тұрғынымен үйретушілік кездесулері өтті. Оларға 4,5 мыңнан астам көрнекі кітапшалар таратылды.

 Тұтастай алғанда, осы күндерде топтар барлық бағыттар бойынша әр түрлі шаралар жүргізді, оған 57 мың адам қамтылды, мыңдаған және 1700 адамға көмек көрсетілді. Қажеттілік болған жерлерде барлық бағыттар бойынша азаматтарды қабылдау күн сайын жүргізіледі.

Облыс тұрғындары тарапынан оң ниеттестік байқалуда. Ауылдар мен қалалардағы халық топтың жұмысын мақұлдап отыр.