Ақтөбе облысындағы полиция қызметкерлерін өлтірген қылмыскерлер діни идеяларды бүркемелеп, мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ болып отыр - ІІМ
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақтөбе облысы Шұбаршы кентінде полиция қызметкерлерін өлтірген қылмыскерлер мұнай ұрлаумен айналысып, діни идеяларды бүркемелеген қылмыстық топ болып отыр.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ІІМ бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Марат Демеуов мәлім етті.
ІІМ орынбасарының айтуынша, Ақтөбе облысы Темір ауданының аумағында бірқатар жылдар бойы ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етіп келген. Діни идеялармен бүркемеленген сол топ негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан. «26 маусымда жедел-іздестіру және арнайы операциялар жүргізу барысында «Мерседец-бенц» автокөлігі тоқтатылып, оны тексеру барысында 1 макаров тапаншасы мен 2 шолақ мылтық және діни әдебиеттер мен жарылғыш заттарды дайындауға пайдаланылатын заттар табылған. Ал 30 маусымда Шұбаршы кентінде белгісіз азаматтар патруль полициясына шабуыл жасап, полиция қызметкерлерінің қаруларын тартып әкеткен. Шабуылдан екі полиция қызметкері қаза тапты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді құрықтау іс-шаралары ұйымдастырылды. Соған орай, Шұбаршы кентінен 6-7 шақырымға созылған қамыс арасын сүзіп қарау кезінде белгісіз азаматтар облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің қызметкерлеріне оқ атып, соның салдарынан тағы бір қызметкер жарақат алып, екіншісі қаза тапты», - деді М. Демеуов.
Оның айтуынша, оқиғаға қатысты күдіктілерді ұстау үшін ауданға ІІМ-нің «Сұңқар», ІІМ Ішкі әскерлер комитетінің «Бүркіт» арнайы жасақтары, сондай-ақ ІІМ Ішкі әскерлерінің жедел батальоны жіберілген.
«8 шілдеде күдіктілердің жүрген жерлерін анықтау бағытында одан әрі іс-шаралар жалғасып, жедел топ Кеңқияқ кентіндегі Мұнайшылар көшесіндегі 2-үйде қылмыскерлердің жасырынып жатқандығы туралы ақпарат алынды. Осы күнгі кешкі уақытта берілулерін талап еткен келіссөздерге күдіктілер оқпен жауап қатты. Сонан соң атыс барысында арнайы жасақтың бір қызметкері қайтыс болып, біреуі жарақат алды. Үй толық қоршауға алынып, кент тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. 9 шілдеде күндізгі сағат 12-лер шамасында қылмыскерлерді құрықтау үшін шабуыл жасалып, қарулы қарсылық көрсеткен 9 адамның көзі жойылды», - дейді М. Демеуов. Оның айтуынша, өлтірілген 9 күдіктінің 7-еуі анықталып, қалған екеуінің кім екендігі әлі анықталу үстінде.