Ақтөбе облысының әкімі нан бағасының өспеуін мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді талап етті
АҚТӨБЕ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов аудандық және облыстық басқармалар мен департаменттердің басшыларымен өткізген кезекті селекторлық кеңесте өңірді азық-түліктік бидаймен қамтамасыз ету және нан бағасын тұрақты сақтау мәселесі басты тақырып болды.
Аймақ басшысы нан бағасын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді талап етті және бірер күн бұрын нанның бағасын 3 теңгеге көтерген «Атамекен» кәсіпорнының басшылығын сынға алды. Нан бағасы уақытша көтерілгенмен, бұл жағдай ақтөбеліктердің алаңдаушылығын туғызып отыр. Бүгінде нан нарығындағы жағдай тұрақтанды, бірақ мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбауы керек, деп атап көрсетті әкім өз сөзінде.
«Облыстағы астықтың қоры нанның бағасын, ең жоқ дегенде, жаңа жылға дейін көтермеуге мүмкіндік береді», - деді Е.Сағындықов.