Ақтөбе облысының әкімі православтарды Рождество мерекесімен құттықтады

АҚТӨБЕ. Қаңтардың 7-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Христостың туған күні - Рождество мерекесін Ақтөбе облысының православтары жаңа Свято-Никольский храмында атап өтуде.
None
None
Бұл қуанышты сәтті православие дінін ұстанушы тұрғындар көптен күткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбеде осыған дейін жұмыс істеп келген екі шіркеу де бейімделген нысанға орналасқан болатын. Ал жаңа храм салу идеясын облыс әкімі Елеусін Сағындықов 2006 жылы осындай рождество мерекесі күні жария етіп, 2008 жылдың қараша айында жаңа ғимарат пайдалануға берілген еді. Міне бүгін облыс әкімі жаңа ғимаратқа келіп, православие дінін ұстанушыларды Рождество мерекесімен құттықтады. «Қазақстанда бүгінгі мерекені христиандармен бірге еліміздің барлық тұрғындары атап өтуде. Бұл ел азаматтарының діни сенімдеріне мемлекетіміздің құрметпен қарайтындығының көрінісі», деп атап көрсетті облыс әкімі өз сөзінде. «Еліміздегі тыныштықтың, өзара түсіністік пен құрметтің арқасында, Қазақстан халқы тәуелсіз жылдары өте жоғары деңгейге көтеріліп отыр. 2009 жылдың жаз айында Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің үшінші съезі өтеді. Қазақстан тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайланды. Міне осының барлығы бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалудағы біздің жетістіктерімізді паш етіп отыр», деді Елеусін Сағындықов.
Соңғы жаңалықтар