Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға өсті

АҚТӨБЕ. 12 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы 5,7 млрд. долларды құрады, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 2,4%-ға жоғары. Сонымен қатар, облыстың сыртқы сауда айналымының 70 пайызы экспортқа тиесілі.

Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға өсті

Экспортта мұнай және мұнай өнімдері (85,4%), металл сынықтары (8,9%), феррохромдар (2,5%) және химиялық қоспалардың (2,6% ) айтарлықтай үлес салмағы бар, деп хабарлады облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.

Аймаққа мұнай саласына арналған жабдықтар, құбырлар, аспаптар және химиялық реагенттер, сондай-ақ азық-түлік өнімдері импортталады.

Жыл басынан бері бюджетке 70,5 млрд.теңге кедендік және салық төлемдері түсті, ол жоспардың 101,5 пайызын құрайды. Кедендік әкімшілендіруді жетілдіру есебінен кедендік төлемдер мен салық түсімі бойынша жағымды көрсеткіштерге қол жеткізілді.

9 ай ішінде тауарларға 14 617 декларация рәсімделді, сонымен қатар «күнбе күн» жүйесі бойынша рәсімдеу 89,1 %-ды құрады.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау департаменті 31 қылмыстық іс қозғады, оның 26-сы - жүк көліктерінің контрабандасы, ал 5 іс - жеңіл автокөліктерді заңсыз кіргізу фактілері бойынша.

Осылайша, департаменттің контрабандаға қарсы күрес жөніндегі басқарма қызметкерлері «көлеңкелі сызбаларды» анықтау мақсатындағы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 2011-2012 жылдар аралығындағы кезеңде ҚР азаматтары Литва Республикасынан 26 жүк автокөлігін жалған құжаттарды пайдалана отырып әкелгендігін анықтады. Аталған автокөліктердің жалпы орташа нарықтық бағасы 240,4 млн. теңгені құрайды. Төленуге тиісті келтірілген залал сомасы 152,5 млн. теңге болды.

Сондай-ақ, 2013 жылдың 9 айы ішінде кедендік іс саласында 137 құқық бұзушылық анықталды, сонымен қатар 86 әкімшілік іс қозғалып, 8,2 млн.теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.