18:59, 27 Маусым 2012 | GMT +5
Ақтөбе облысының Темір ауданында жол-көлік апатында жарақат алған жаяу жүргінші көз жұмды
АҚТӨБЕ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Ақтөбе облысының Темір ауданында адам өліміне әкелген жол-көлік апаты орын алды.

ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, Кеңқияқ кентінде тұратын «Ваз-2110» маркалы көліктің 23 жасар жүргізушісі Шұбарши елді мекенінен Кеңқияқ кентіне бара жатқан тас жолда 56 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік апаты «Қыз Әулие» зиратына қарама-қарсы жерде болды.
Соның салдарынан жаяу жүргінші «Жамбасының сынуы, сол жақ жамбасынан жарақат алу, бетінің оң жағына зақым келу» диагнозымен орталық аудандық ауруханасына жеткізілгенімен, көп ұзамай көз жұмды.
Медициналық сараптаманың нәтижесіне көліктің жүргізушісі жол-көлік апаты кезінде орташа деңгейде мас болған.
ҚР ҚК-нің 296 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тексеру амалдары жүргізілуде.