Ақтөбе өңірінде қызу жұмыс
«Осы комиссияның шешімімен кімге және қанша қаражат бөлінетіні анықталады. Біз үйлері қирап қалғандарға пәтерлер береміз. Кімде-кім жеке үй алғысы келсе және де олар жеке тұрғын үй құрылысы кезегінде тұрса, оларға жер береміз. Өте мұқтаж болғандарға - құрылыс материалдарына 1 миллион теңгеден қаражат бөлеміз. Бірақ мынадай шартпен: бөлінген қаражатқа біз құрылыс материалдарын сатып аламыз, құрылыспен өздеріңіз айналысасыздар. Өздері салуға мүмкіндігі жоқтарға, құрылыс компаниясын немесе құрылысшыларды тауып береміз», - деп нақтылады Б. Сапарбаев.
Әкімнің айтуынша, бүгінге дейін Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 64 миллион теңге төленген.
«Жұмыс басталып кетті, одан әрі де жалғаса береді. Бүгінгі күнге 64 отбасына 1 миллионнан теңге бөлінді», - деп қорытты облыс басшысы.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтарына барып, көктемгі егіс науқанының басталуымен танысты, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, биыл Ақтөбе облысында 641 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Егіс алқаптары 2016 жылмен салыстырғанда 74,2 мың гектарға ұлғаятын болады. Дәнді-дақылдар егуге 383,9 гектар жер белгіленген. Ауа райы қолайлы болған жағдайда 480 мың тонна астық жиналады деп күтілуде.
Қазір облыс аудандарында егін егу жұмыстары белсенді жүруде. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдары көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін сапалы тұқымдық материалдармен, техникамен және жанармаймен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ҚР АШМ бөлген 8,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны Ақтөбеге толық мөлшерде жеткізілді.
Облыс басшысы жекелеген кемшіліктерді де атап көрсетіп, тиісті мамандарға, өңір басшылары мен өзге де жауапты жұмыскерлерге шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
«Суармалы жерлер Қарғалы ауданында көп. Өкінішке қарай, олардың жалпы аумағының 33% ғана айналымда. Біз азық-түлікті көп беруге мүмкіндігі бар суармалы жерлер алаңын барынша кеңейтіп, малды жем-шөппен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын құруымыз керек. Жалпы, облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда сіздерде ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жағдай жақсы. Егер барлық әлеует пайдаланылса, Қарғалы ауданы жалпы Ақтөбе аумағын негізгі ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етер еді», - деді облыс әкімі.
Биыл Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы айтулы датаға байланысты республикалық деңгейдегі «Туған жерге тағзым» шарасы аясында осы жылғы қыркүйекте «Ақтөбе - құтты мекен» облыстық форумын өткізуді ұсынды.
Форумды өткізуге қатысты мәселелерді талқылаған басқосуда ұйымдастыру комитетінің төрайымы, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова атқарылар іс-шараларды тағы бір пысықтап, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді. Жиын барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева осы айтулы шараны айтарлықтай өткізу мақсатында электрондық әлеуметтік жүйелерде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады және қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде форум туралы «Ақтөбе жерлестерін шақырады» деген атаумен ашылатын интернет-сайт құрылып жатқанынан хабардар етті.