Ақтөбе өңірінде ШОБ саласында 185 мыңнан астам адам еңбек етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында 78 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі 185,1 мың тұрғынды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында бизнес қауымдастығының өкілдерімен, салалық қауымдастықтармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков баяндады.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысы тұрақты даму қарқынын сақтап, жоғары инвестициялық әлеуетке ие өңірлердің бірі саналады. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында өңір экономикасына 235,4 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 106,5%-ды құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 242,77 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
— Ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 470,4 млрд теңгені құрады. Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде облыста 78,3 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 185,1 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 28,8%-ға жетті, — делінген хабарламада.
2025 жылы екінші деңгейлі банктер арқылы бизнесті қолдауға 13,1 млрд теңге бағытталып, 800-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Кездесу барысында қатысушылар салықтық әкімшілендіру, кадрларды мемлекеттік тапсырыс аясында даярлау, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің қаржылық құралдарға қолжетімділігін кеңейту және мемлекет, бизнес пен үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар барысында инвестицияларды тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды.
Бұдан бұрын Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталғанын жазғанбыз.