«Ақтөбе-Орынбор» жолында жүк көлігінің жүргізушісі 19 жасар жігітті қағып өлтіріп, оқиға орнынан кетіп қалды
АҚТӨБЕ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше «Ақтөбе-Орынбор» жолының Қурайлы кентінің ауданында жол-көлік апатының салдарынан қаза тапқан 19 жастағы жігіттің мүрдесі табылды, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Қаза тапқан ер азаматтың есімі анықталды - ол Хлебодаровка кентінің 19 жасар тұрғыны болып шықты. Сот-медициналық сараптама оның өлімі үлкен жүк таситын көліктің басып кетуі салдарынан болғанын анықтады.
Жедел шаралардың барысында күдікті азамат - ЖШС-нің бірінде жұмыс істейтін «НОWO» жүк көлігінің 43 жастағы жүргізушісі ұсталды.
Ұсталған ер адамның түсіндіруінше, ол көлікпен келе жатқанда жолда жатқан жас жігітті байқамады. Көлігін тоқтатып үлгермеген ол жігітті басып өтіп, шошынғаннан оқиға орнынан кетіп қалды.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, көлік айыппұл тұрағына қойылды. ҚР ҚК-нің 296 және 297 баптарымен қылмыстық іс қозғалды.