Ақтөбе рельс-арқалығы зауыты өнімдерін шетел нарығына шығарады

Салтанатты іс-шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, «Siemens S.p.a» компаниясының бас директоры Джузеппе Феррарио, ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстан көлік және коммуникация министрі Арғынбек Малабаев, «Әзірбайжан темір жолдары» ЖШС төрағасы Джавид Гурбанов қатысып, сөз сөйледі.
Шараға қатысушылар қатарында Парламент депутаттары, ТМД және Балтық жағалауы елдері темір жол әкімшіліктері мен темір жол өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың өкілдері болды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А. Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысының индустриялық бағдарламаға сай тапсырмасымен Қазақстанда қысқа мерзімде темір жол көлігін жасаудың жаңа саласы қалыптасты. Әлемдік жетекші компаниялар General Elektric, Alstom,Talgo, Siemens қатысуымен жүк және жолаушылар тепловоздарын, электровоздар, вагондар, ірі вагон құймаларын, инфрақұрылымдық техникалық құралдар шығарыла бастады.
А. Мамин сондай ақ, тұңғыш отандық рельс өнімінің Қазақстанның индустриялық тарихында маңызды оқиға екендігіне тоқталды.
АРАЗ-дың жобалық қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімдерін шығаруға жетеді. Оның басты өнімі термоқысымға шыдамды Р-65 маркалы ұзындығы 120 метрге жететін жоғары жылдамдықты магистральға арналған рельстер шығарады. Оған қоса, жылына 230 мың тонна рельс арқаулары, бұрыштамалар, швеллерлер шығарады. Бұл темір жол өнімдері Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің де сұранысын қанағаттандырады.
Сондай-ақ, бұл күні Қазақстандағы темір жол көлігі машинасын жасау саласында серіктестік және болашағына арналған дөңгелек үстел отырысы да өткізілді. Ондағы талқылау барысында қазақстандық «Тұлпар-Тальго», «Электровоз құрастыру зауыты» (ЭҚЗ), «Локомотив құрастыру зауыты (ЛҚЗ) зауыттарындағы темір көлігі өнімдерінің тұсаукесері жасалып, оны экспортқа шығарудың «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдауымен жүзеге асыру жайы сарапталды.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, Еуразиялық аймақтағы темір жол көлігі машиналары өнімдерін шығаратын зауыттар мен қаржылық институттардың арасында тығыз қарым-қатынас орнаған.
Оның ішінде атап айтарлығы, қазақстандық экспортта «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдау жүйесі туралы басқарма төрағасы Б.Жәмішев баяндады. Оның айтуынша, банк АРАЗ құрылысын қаржыландырып қана қоймай, ендігі жерде оның шетелдік тұтынушыларға өткізу жайын да міндетін алып отыр.
Дөңгелек үстел отырысында Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға АРАЗ дайын өнімдерін жеткізу туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.