Ақтөбеде 16 жастағы оқушы анасын өлтіріп, әжесін жаралады - психолог түсініктеме берді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде 16 жастағы оқушы өз анасын өлтіріп, әжесін пышақтаған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған жасөспірім өз кінәсін толық мойындаған. Психолог психосоматолог Айнұр Қожабаева мұндай қадамға баланы итермелейтін ықтимал психологиялық факторларды түсіндірді.

 Психолог психосоматолог Айнұр Қожабаева
Фото: видеодан салынған скрин

Даудың басы телефоннан басталғаны анықталды. 

Психологтың айтуынша, жасөспірімдердің агрессивті импульсивті әрекеттеріне көбіне жасырын жиналған агрессия, отбасындағы қарым-қатынастың бұзылуы және телефонға тәуелділік себеп болады.

- Бұл импульсивті оқиға. Жиналған агрессия бір күні жарылады. Көбінесе ата-аналар баланы ерте жастан телефонға отырғызып қояды. Бала өз әлеміне кетеді, эмоциясын да, арманы мен мақсатын да телефоннан іздей бастайды. Егер отбасында жылулық пен қарым-қатынас болмаса, бала сырттан эмоция іздейді, - дейді маман Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Оның айтуынша, ата-аналар ең алдымен баланың телефонға тәуелді ме, жоқ па - соны бақылауы керек.

- Егер бала телефонды бергісі келмей айқай шығарып, жылап, ұрыс-керіске барса - бұл тәуелділіктің алғашқы белгісі. Ондайда ата-ана, бала, ұстаз және психолог бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Толықтай тыйым салу нәтиже бермейді, керісінше қарсы реакция туғызады. Балаға зиянын түсіндіру, бос уақытын спортқа, үй шаруасына бағыттау қажет. Ата-ананың өзі де үлгі болып, үйде телефонды шектегені дұрыс, - дейді психолог.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Латып Әліби күдікті бала толық отбасында тәрбиеленгенін және тергеу жүріп жатқанын жазған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар