Ақтөбеде 4 балабақша ашылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Балаларды қорғау күнінде Ақтөбеде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 жекеменшік балабақшасы ашылды.
Екі балабақша Ақжар-2 ауданында, біреуі Заречный-3, «Әсел» балабақшасы Жилгородкада ашылды. Нысандардың жалпы сыйымдылығы 600 орын.
«Әсел» балабақшасының ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
«Балаларымыз бақытты болып өсуі үшін мемлекет қолынан келгенін жасап жатыр. Шешілмеген мәселелер бар, әрине. Аймақта балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі өзекті. Оны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы реттеуге үміттенеміз. Кәсіпкерлердің көмегімен бұл мәселені 2018 жылға қарай толық шешеміз», - деп сөз берді облыс әкімі.
«Әсел» балабақшасының құрылтайшысы Ардақ Сәдуақасов облыс әкіміне бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде іске қосылған алтыншы нысан екенін айтты. Кәсіпкер мүгедек балаларға арналған балабақша ашуды көздеп отыр.
Бүгінде Ақтөбеде 22 120 орындық 120 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі жұмыс істейді. 2016 жылдың басынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін балабақшалар саны 33-тен 48-ге дейін артты. Жыл соңына дейін тағы 6 балабақша ашу жоспарланған. Балабақшаға кезекте 33 мың ақтөбелік бала тұр.