Ақтөбеде 44 шақырым жол жөнделеді
Облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықовтың төрағалық етуімен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елубаев және комиссия, кеңес мүшелері, депутаттар қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселе - «Ақтөбе қаласындағы автокөлік жолдарын жөндеу және аула аумақтарын абаттандыру жағдайы туралы» Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов баяндама жасады.
Биыл Ақтөбеде 44 шақырым жолды жөндеу және қайта салу жоспарланып отыр. Бұл - шаһардағы барлық жолдың 6,8 пайызы. Жалпы Ақтөбедегі автокөлік жолдарының ұзындығы - 647 шақырым. Жандос Байырхановтың айтуынша, бұл жолдардың тең жартысы жөндеуді қажет етеді.
Биыл қаладағы көше жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлініп отыр.
- Қазір жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын 6 көшеге күрделі жөндеу және ұзындығы 20 шақырым болатын 12 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Қаладағы және қалаға қарасты 5 селолық округтегі көше жолдарына жоспарға сай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 6 мердігер мекеме жауапты, - дейді қала әкімінің бірінші орынбасары. Оның айтуынша, күрделі және орташа жөндеу жүргізіліп жатқан жолдардың арасында бұрын-соңды мүлде жөндеу жасалмаған 101-атқыштар бригадасы, Пожарский, Тайбеков көшелері де бар.
Биыл қаладағы жүзден астам көп қабатты тұрғын үйдің аулаішілік жолдары жөнделеді. Бұл мақсатта бюджеттен 416 миллион теңге бөлінген.
- 61 көп қабатты тұрғын үйдің аула аумағына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 18 үйдің аулаішілік жұмыстары толық аяқталды. Бұл жұмыстарға 7 мердігер мекеме жауапты. Олар: «Ерхат жолдары», «Дорожник», «Жігер-Ақтөбе», «АктобеКапРемСтрой», «МАТ Актобе ЛТД»,«ЖК Строй», «АктобеГорДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, - деді Жандос Байырханов.
Қалалық әкімдік балалардың ойын алаңдарын салу жөнінде «Табыс-Ақтөбе» ЖШС-мен 84 миллион теңгеге келісімшарт жасапты. Бөлінген қаржыға елуден астам ойын алаңдарын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 14 ойын алаңы салынып болды.
Қала әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, тағы да 14 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі.
Жиын барысында Жандос Байырхановқа депутаттар, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері бірқатар сұрақтар қойып, ескертулер, ұсыныстар айтты.
Күн тәртібінде көтерілген мәселені талқылаудан кейін тұрақты комиссия мүшелері тиісті қаулы қабылдады.