Ақтөбеде 9 мамырға арналған Еске алу жиыны болды

Таңертең «Мәңгілік алау» ескерткішінің қасында Еске алу митингісі мен гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жиналған ардагерлерді, мемлекеттік органдардың, әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдерін, Ақтөбе жұртшылығын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады.
«Тарихымыз офицерлер мен сарбаздардың көптеген ерліктеріне толы. Бірақ Ұлы Отан соғысында батырлық тым ерекше. Жеңіске жету жолында Ақтөбеде құрылған танымал 312 атқыштар дивизиясы мен 101 атқыштар дивизиясының қосқан үлесі елеулі. 35 жерлесіміз ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, 9 адам үш дәрежедегі Даңқ ордендерімен, 15 мың адам соғыстағы қызметтері үшін ордендермен және медальдармен марапатталды», - деді ол.
Қазақстандықтар жеңіс үшін тылда да еңбектенген. 26 мың ақтөбелік азамат қажырлы еңбектері үшін медальдармен марапатталған.
«Ардагерлердің саны жыл сайын азайып барады. Бірақ біз олардың ерліктерін есте сақтап жүреміз. Ардагерлердің батырлықтарын ұмытпай, оларды құрметтеу - біздің қасиетті борышымыз», - деп атап өтті әкім.
Қаза тапқандарды бір минуты үнсіздікпен еске алғаннан кейін салтанатты жағдайда жергілікті атқарушы биліктің, мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Даңқ аллеясында да гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті. Бұл күні Еске алу митингілері Әлия Молдағұлова мемориалды кешенінің, қаланың ескі бөлігіндегі Әлия ескерткішінің, Зеңбірек ескерткішінің қасында, Бауырластар зиратында өткізілді.
Тұңғыш Президент атындағы саябақта, Орталық стадионның қасында, ретро-саябағында, «Авиатор» бағында, қаланың ауылдық округтерінде мерекелік концерттер өтті. Дәстүр бойынша ардагерлер үшін далалық шатырлар тігіліп, мерекелік түскі астар ұйымдастырылды.