Ақтөбеде Әбілқайыр ханға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті
АҚТӨБЕ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Бүгін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Әбілқайыр хан: тарих және тағдыр» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Баршаға мәлім, осы тарихи тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты қоғамда әрқилы пікірлер айтылып жүр. Сондықтан оның еліміз тарихындағы шынайы рөлін айқындауда бұл талқылаудың маңызы зор. Конференция қонағы, тарихшы-ғалым, профессор Болатбек Нәсенов Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Новосібір және Орынбор мұражайларынан анықтаған соңғы зерттеулері нәтижесін ортаға салды. Ол Әбілқайыр ханның және оның серіктестерінің Қазақ мемлекетін сақтап қалудағы тарихи рөлін жоғары бағалады. Конференцияда сөз алған тарихшылар Нұртаза Абдоллаев, Самат Есқалиев, Беркін Құрманбеков, Дәулет Әбенов, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Еркін Құрманбеков, осы мұражайдың ғылыми қызметкерлері Шайзада Мұқашева мен Ырысты Досова Әбілқайыр ханның көп қырлы қызметі туралы баяндамалар жасады.Конференцияға жоғары оқу орны тарих факультетінің оқытушылары мен студенттері, Әбілқайыр ханның Ақтөбеде тұратын ұрпақтары қатысты.