Ақтөбеде бес сағат бойы кепілде болған келіншек үрейін әлі жеңе алмай жүр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 24 жастағы Абылай Тілеуовтің қолында 5 сағат бойы кепілде болған Әсем есін әлі жия алмай жүр. Ол қазір үйінен бір қадам аттап шығуға қорқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе қаласының «Батыс-2» ықшам ауданында орналасқан «Жемчуг+» стоматологиялық клиникасы әлі жабық тұр. Мұнда жұмыс уақытша тоқтатылған. Ал 5 сағат бойы Абылай Тілеуовтің қолында кепілде болған Әсем атты келіншек үйінен шығуға, жұмысқа баруға қорқады. Ол ешкіммен сөйлеспейді, тілдеспейді.

«Өздеріңіз ойлаңыздар, мен осы жағдайдан кейін қалай жұмысқа барамын?» - деген Әсем қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Айта кетейік, Абылай Тілеуовтің әйелі стоматологиялық клиникаға жұмысқа әлі орналаса қоймаған екен. Ол бұл жерде тәжірибе жинап жүрген.

Еске салсақ, 14 наурыз күні Абылай Тілеуов кешкі сағат 19:00-де стоматологиялық клиникаға барып, Әсемді кепілге алған. Бұл бейнеайғақ бүгін ғаламторға тарап кетті .  Арнайы операция кезіндегі бұл бейнені кімнің таратқаны әзірге белгісіз. Облыстық ішкі істер департаменті осы дерекке байланысты қызметтік тексеру жұмыстарын бастады.

Абылай Тілеуов 7 наурыз күні әйелінен ажырасқан. Оның екі баласы бар. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Қару қолданып адамды кепілге алу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.   

Соңғы жаңалықтар