19:17, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтөбеде екінші ұлттық халық санағын өткізуге даярлық жүргізілуде
АҚТӨБЕ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ – Бүгін Ақтөбе қалалық әкімдігінде әкім орынбасары Сания Қалдығұлованың төрайымдығымен санаққа көмек көрсету жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Іс-шараға Ақтөбедегі барлық 37 санақ бөлімдерінің басшылары, қалалық ішкі істер бөлімінің, санақ жүргізуге жауапты қалалық әкімдіктің қызметкерлері шақырылды.С.Қалдығұлова жиналғандарға ақпанның 21-мен 24-і аралығында «Санақшылармен таныс» деп аталатын республикалық акция өтетіндігін хабарлады. Осыған байланысты санақ бөлімдері учаске халқын алдын-ала аралап шығулары, пәтер иелері кооперативтерінің қызметкерлерімен танысулары тиіс.
Санақшы кадрларының қауіпсіздігін полицейлер қамтамасыз ететін болады ? әрбір санақ бөліміне қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері бекітіліп берілген.
Әкімнің орынбасары санақ күндері санақ бөлімдерінде кезекшілік ұйымдастыру, автовокзал мен теміржол вокзалында, әуежайда тұрақты санақ бекеттерін ұйымдастыру қажеттігін еске салды.