Ақтөбеде еріктілердің қатары көбейді: 56 мыңнан астам жас қоғамдық іске араласты

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 56 мыңнан астам жас Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Ақтөбеде волонтерлік қозғалысқа 56 мыңнан астам жас тартылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

БҰҰ Бас Ассамблеясының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шаралар елімізде жалғасып келеді.

Осы ретте Ақтөбе облысында 2026 жылдың басынан бері 56 мыңнан астам жастың қатысуымен 1233 іс-шара ұйымдастырылды.

Бүгінде өңірде 7 мыңға жуық волонтер, 7 волонтерлік ұйым және 132 волонтерлік топ бар. Волонтерлер экологиялық акцияларға қатысып, патриоттық бастамаларды жүзеге асыруға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге белсенді атсалысып келеді.

Ақтөбеде волонтерлік қозғалысқа 56 мыңнан астам жас тартылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Өңірде әлеуметтік маңызы бар волонтерлік жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Солардың бірі — «Жұлдызды жәрмеңке» қайырымдылық жобасы. Жоба волонтерлерді, кәсіпкерлерді, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдыруға бағытталады. Жәрмеңкеден түскен қаражат аз қамтылған отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларға және көмекке мұқтаж азаматтарға көмек ретінде беріледі. Бұл бастама қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, өзгеге қолдау көрсетуге үндейді, — делінген хабарламада.

Айтулы жобалардың қатарында колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші және екінші курс студенттеріне арналған Volunteer School бағдарламасы бар. Үш күндік оқыту барысында қатысушылар волонтерлік қызметтің негізгі қағидаларын меңгеріп, көшбасшылық қабілеттерін дамытады, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырудың тәжірибелік дағдыларын игереді. Оқу аяқталғаннан кейін олар өңірдегі волонтерлік ұйымдардың жұмысына қосылады.

Ақтөбеде волонтерлік қозғалысқа 56 мыңнан астам жас тартылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңа бастамалардың бірі — цифрлық волонтерлікті дамытуға бағытталған Digital Volunteer Aqtobe жобасы. Жоба аясында киберқауіпсіздік, цифрлық сауаттылық және медиакоммуникация бағыттары бойынша дайындықтан өткен 30 волонтерден құралған мобильді топ жасақталды.

Осыдан бұрын Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы өткенін жазғанбыз.