Ақтөбеде қаланың жолдарын қардан тазартуға 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қыс мезгілінде қала жолдарын күтіп ұстауға жергілікті атқарушы билік 910 млн. теңге бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз маслихатында қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров мəлімдеді.
- Биыл қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау үшін қала бюджетінен 910 млн. теңге бөлініп және барлығы 14 арнайы мердігер, 260 бірлік техника жұмылдырылды. Мердігерлер қысқа дайындық кезінде жолдарда көктайғақ болмау мақсатында 1500 тонна құм аралас тұз және 500 тонна тұз материалдары дайындап, олар осы уақытта себілуде, қар шығару және де қала аумағын қоқыстан, жаяу жүргінші жолын тазарту жұмыстары жүргізілуде, - деді Нағымжан Алдияров.
Қазір қаладағы 30-дан астам көше тазартылған. Қар шығару жұмыстары су тасқынына қарсы шаралардың ең басты бағыты болғандықтан қатаң бақылауда. Қыс мезгілінің басынан бері қала көшелерінен 120000 текше метрден астам қар қала полигондарына шығарылды.
Сонымен қатар, қала әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелердің және кәсіпорындардың жауапты қызметкерлерінен құралған мобильдік топ жұмыс жасауда.
Зада Зейін