Ақтөбеде кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орталықтың директоры мен есепшісі 2 миллионнан астам теңгені жымқырды
АҚТӨБЕ. 6 маусым. ҚазАқпарат - «Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы» ММ бұрынғы директоры мен есепшісі 2,6 млн.теңге көлеміндегі қазына қаржысын жымқырды деп айыпталды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, директор мен бас есепші өзара сөз байласып, 2011 жылдың қазанынан 2012 жылдың қазанына дейінгі аралықта орталықта жұмыс істемейтін директордың күйеуіне және есепшінің ұлына жалақы аударып, ірі көлемдегі қазына қаржысын қалталарына басқан. Сондай-ақ жұмыстан босатылған қызметкерлерге де еңбекақы есептелген.
Сот үкімімен директор мен бас есепші ҚР ҚК 176 бабы 3 бөлігі «б, г» тармақтары бойынша айыпты деп танылды. Күдіктілер мемлекетке келтірілген залалдың көлемін толық өтегендіктен, ҚР ҚК 55 бабы бойынша 2 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олардың мүлкі тәркіленіп, жазаларын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болды.Күдіктілер сот залында қамауға алынды.